Опера әншісі Әйгерім Алтынбек «Ла Скала» академиясында тағылымдамадан өтеді
400 үміткердің ішінен үздік 12 қатысушының қатарына енді

Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемдегі ең беделді опера өнері оқу орындарының бірі – Италияның «Ла Скала» театры жанындағы академияда тағылымдамадан өтетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, ол бейнежазба арқылы өткен алдын ала іріктеуде 400-ден астам үміткердің арасынан өтіп, үздік 12 орындаушының қатарына енген.
Халықаралық байқаулардың жүлдегері
Әйгерім Алтынбек – халықаралық вокалдық байқаулардың бірнеше мәрте лауреаты. Ол:
- Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық опера әншілері байқауында жеңімпаз атанды;
- Италияның Модена қаласында өткен Николай Гяуров атындағы опера әншілері байқауында үшінші орын алды;
- Атақты опера жұлдызы Мирелла Френидің арнайы сыйлығына ие болды;
- Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсында (470 қатысушы) екінші орынға қол жеткізді.
Әйгілі Хосе Каррерас пен Андреа Бочеллимен бір сахнада
-
25 маусымда әлемге әйгілі тенор Хосе Каррерастың концертінде өнер көрсетеді. Кеште әйгілі опера ариялары мен дуэттер орындалады.
- 27-28 маусым күндері Италияның Неаполь қаласында өтетін Андреа Бочеллидің мерейтойлық концертінде де өнер көрсетіп, аты аңызға айналған тенормен бір сахнада ән шырқайды.
Бұл – кәсіби шеберлік пен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі
«Әйгерім Алтынбектің бұл жетістігі – оның таланты мен табандылығының, білімге деген ұмтылысы мен кәсіби шеберлігінің жемісі. Сонымен қатар, бұл – Қазақстанда жас дарындарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктердің нақты нәтижесі», - делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.