$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ХОК тарихында алғаш рет әйел адам президент болды

Олимпиада үйінде тарихи сәт: Томас Бах өкілеттігін тапсырды

ХОК тарихында алғаш рет әйел адам президент болды
Фото: Olympic.kz

Швейцарияның Лозанна қаласындағы Олимпиада үйінде Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) президентінің өкілеттігін табыстау рәсімі өтті. 2013 жылдан бері ХОК-ты басқарған Томас Бах өз өкілеттігін ресми түрде Зимбабведен шыққан жүзуден екі дүркін Олимпиада чемпионы Кирсти Ковентриге тапсырды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тарихтағы алғашқы әйел және Африка құрлығының алғашқы өкілі

Кирсти Ковентри – ХОК тарихындағы оныншы президент, алғашқы әйел және Африка құрлығынан тағайындалған алғашқы басшы. Ол биыл наурызда Грекияның Олимпия қаласында өткен 144-сессия кезінде сегіз жыл мерзімге сайланған еді.

Рәсімнің символы: Олимпиада үйінің кілті табысталды

Салтанатты шарада Томас Бах Олимпиада үйінің символдық кілтін Ковентриге табыстады. Бұл – ХОК-тағы ресми басшылық ауысымының белгісі. Кілтті 1992 жылғы Барселона Олимпиадасының алауын жасаған испан дизайнері Андре Рикар әзірлеген.

Шараға 700-ден астам қонақ – ХОК мүшелері, спортшылар, халықаралық ұйымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Томас Бахқа – Алтын Олимпиадалық орден

Семсерлесуден Олимпиада чемпионы, тоғызыншы президент Томас Бах ХОК-тың ең жоғары марапаты – Алтын Олимпиадалық орденімен марапатталды.

«Жаңа кезең – жаңа көшбасшылықты талап етеді. Кирсти Ковентри ұйымға жаңа үн мен тың көзқарас әкеледі. Бұл – болашақ үшін аса маңызды», – деді Бах қоштасу сөзінде.

«Бөлінген әлемде Олимпиада – біріктіруші күш»

Ковентри Бахқа 12 жылдық еңбегі үшін алғыс айтып, Олимпиадалық қозғалыстың ортақ құндылықтарын жалғастыратынын жеткізді:

«Олимпиада – бұл жай ғана спорттық шара емес. Бұл – шабыт, үміт, өмірді өзгерту алаңы. Бөлінген әлемде ол – біріктіруші күш», - деді.

Серіктес жаңалықтары