Таяу Шығыста ахуал ушығып тұр: Иран мен Израильде қанша қазақстандық бар
Екі елдегі қазақстандықтарға қандай көмек көрсетіледі

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс болып жатқан Иран мен Израиль арасында қанша қазақстандық бар екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде Иранда жүрген қазақстандықтардың басым бөлігі елшілік қызметкерлері екенін ерекше айтып өтті.
«Иранда орташа есеппен біздің паспортымызбен жүрген 50-ге жуық адам ғана қалды. Ол Ирандағы қазақтарға қатысты емес. Себебі, олар сол елдің азаматы болып есептеледі. 50-ге жуық адамның жартысынан көбі – біздің қызметкерлер (ред. – елшілік қызметкерлері). Олар ол елден кете алмайды, жұмыс істеп жатыр. Егер оларды эвакуацияласақ, қалғандарына кім көмектеседі?» - дейді Айбек Смадияров.
Ол сөзін жалғай отырып, Израильдегі қазақстандықтар жайлы мәлімет беріп өтті.
«Ал Израильде біздің ақпарат бойынша 170-ке жуық Қазақстан азаматы бар. Олар басқа әуежайлар арқылы да шығып жатыр. Егер бізге хабарласса, көмек көрсетуге дайынбыз», - дейді ҚР СІМ ресми өкілі.
Айта кетейік, Таяу Шығыста Иран мен Израиль арасында жағдай ушығып тұр. Екі ел бір-біріне бірнеше рет әуеден соққылар жасады.