АХҚО қызметінен Қазақстан 200 млрд теңгеден астам салықтан айырылды – Жұманғарин
Қаржы орталығы ел ішіндегі қосымша оффшорлық аймаққа айналуы мүмкін

Сенаттың пленарлық отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Халықаралық қаржы орталығы «Астана» (АХҚО) қызметінің салдарынан Қазақстан 200 миллиард теңгеден астам салық жоғалтқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, қаржы орталығы ел ішіндегі қосымша оффшорлық аймаққа айналуы мүмкін.
«Мен нақты мысалдар келтіріп, кәсіпорындардың атын атамай-ақ қояйын, бірақ бір компания өз холдингі арқылы бас кеңсесін сол жаққа көшіріп алды. Сөйтіп, біз тек корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша 200 миллиардтан астам теңге жоғалттық. Біз салықтан айырылып жатырмыз, себебі АХҚО ел ішіндегі тағы бір оффшор іспетті аймаққа айналып кетуі ықтимал», – деді Серік Жұманғарин дүйсенбі күні.
Ол бұл мәселені АХҚО басшылығымен талқылайтынын айтты.
«Қазақстанда тіркелген, салық төлеп жүрген заңды тұлғалар АХҚО аумағында бола алады. Бірақ біз, республика ретінде, соның салдарынан салықтан айырылмауымыз керек. Осы тұрғыда тиісті өзгерістер енгізу қажет», – деп түйіндеді Жұманғарин.