Астанада ойын алаңында жүрген бозбаланы еңгезердей еркек кастетпен ұрып кетті (ВИДЕО)
Оқиға 19 маусым күні кешке болды

Астанада ойын алаңында жүрген бозбаланы еңгезердей ер адам кастетпен ұрып, аяусыз соққыға жығып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға 19 маусым күні шамамен сағат 20:30 шамасында Е-669/4 көшесінде орналасқан ZUZU балалар саябағында болған.
Төбелес қалай басталды?
Бейнежазбада көрсетілгендей, жанжал бүлдіршіндер арасындағы жанжалдан басталған. Кішкентай баланың бірі ақ жейде киген басқа балаға агрессия көрсеткен. Осы кезде ақ жейдедегі баланың ағасы араласып, кішкентай баланы итеріп, төбелесуге болмайтынын айтып ескерту жасаған.
Баланың анасы жанжалға араласты
Бозбаланың анасының айтуынша, араға біраз уақыт салып, алаңға жанжал бастаған баланың анасы келіп, балаларға былапыт сөздер айтып, айғайлай бастаған. Артынша балалардың әкесі болуы мүмкін ер адам футбол алаңы жаққа жүгіріп жетеді.
Ер адам жасөспірімді қатыгездікпен соққыға жықты
Келген ер адам ақ жейде киген баланың ағасын мойнынан ұстап, қақпа жаққа сүйреп апарып, бетіне және басына бірнеше соққы жасаған. Куәгерлер мен бейнежазба мәліметтеріне жүгінсек, шабуыл қолға киілетін кастетпен жасалған.
Соққыдан кейін жасөспірім демала алмай, жерге отыра кеткен. Осы сәтте ер адам оның кеуде тұсынан қолымен ұрып, аяғымен тепкілей бастаған. Бұл әрекеттер бейнекамера кадрынан тыс жерде болған.
Тергеу және қоғамның реакциясы
Бұл оқиға қоғамда кең резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан шұғыл және қатаң шара қолдануды талап етуде. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізіп, күдіктінің кім екенін анықтап жатыр.
Бозбаланың жағдайы
Соққыға жығылған жасөспірімнің қазіргі денсаулығы туралы ресми мәлімет жоқ. Дегенмен, куәгерлердің айтуынша, ол тыныс алуы нашарлаған.