Атырауда нөсер жауын салдарынан қаладағы бірнеше нысан зардап шекті
Сонымен қатар арнайы ХҚКО жұмысы тоқтады

Атырау қаласында 20 маусым күні күннің күрт бұзылуы мен нөсер жаңбыр салдарынан бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан зардап шекті. Екі сағатқа жетпейтін уақытта 27 мм жауын-шашын жауды. Бұл айлық нормадан 1,5 есе көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әуежай төбесінен аққан су шелектеп жиналды
Atyrau online хабарлауынша, Атырау халықаралық әуежайының төбесі жауынға төтеп бере алмай, бірнеше панелі опырылып түсті. Жел арқылы өткен жауын суы ғимарат ішіне ағып, еденге жинала бастады. Әуежай қызметкерлері шелектер қойып, суды уақытша тоқтатуға тырысқан.
Куәгерлер түсірген видео кадрлары әлеуметтік желіде тез тарап, қала тұрғындары әуежайдың техникалық жағдайына алаңдаушылық білдірді. Қоғамда: «Бұл – қаланың бет-бейнесі ғой, бір жауынға да төтеп бере алмады» деген сын пікірлер көбейді.
Арнайы ХҚКО жабылды, техникаға су кіріп кеткен
Келесі күні – 21 маусымда, Атыраудағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы (арнайы ХҚКО) жұмысын уақытша тоқтатты. Оған су тасқынының ғимарат ішіндегі жабдықтарға тигізген әсері себеп болған.
«Қысқа тұйықталу қаупіне байланысты орталықты уақытша жаптық. Барлық құрылғылар кепкен соң, дүйсенбіден бастап қалыпты режимде қайта жұмыс істейміз», – деп хабарлады орталық өкілдері.
Қаланың бірнеше ауданы су астында қалды
Қала тұрғындары жаңбырдан кейін подъездер мен аулаларда су жиналып қалғанын айтып, шағымдануда. Бұл жағдай коммуналдық қызметтерді де алаңдатып, авариялық режимде жұмыс істеуге мәжбүр етті.
- Көшелерден су сору және тазалау жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техникажұмылдырылды
- Алғашқы кезекте әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар мен мемлекеттік мекемелер қамтылды
- Шағымдар 109 байланыс орталығы мен әкімдіктің ресми парақшалары арқылы қабылдануда.
Контекст
Атырау өңірінде жауын-шашын мөлшері жылына шамамен 100–150 мм аралығында ғана болады. Сондықтан нөсер түріндегі 27 мм жаңбыр – өңір үшін ерекше құбылыс. Мұндай кезде су ағатын жүйелердің қауқарсыздығы мен ғимараттардың дайын еместігі – бұрыннан өзекті мәселе.