«Алтын Емелде» Қызыл кітапқа енген құс фототұзаққа түсті
Дала қыраны сирек және қорғалатын құс түрі болып саналады

«Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері Басши орманшылығының аумағында табылған Қазақстаның Қызыл кітабына енгізілген дала қыранының ұясына фототұзақ орнатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дала қыраны ұяны жазық жерге салады
Дала қыраны ұяны әдетте ашық далалы, жартылай шөлейтті немесе жазық жерлерде салады. Ұяларды кейде жерге, кейде биік бұталарға немесе тастардың үстіне орналастырады.
«Ұя бұтақтардан, шөптерден және жануарлардың жүнімен төселеді. Әдетте аналық 2 жұмыртқа салады (кейде 1 немесе 3). Жұмыртқа басу мерзімі: 43–45 күн», - деп жазылған «Алтын Емел» ұлттық паркінің хабарламасында.
Бұл кезеңде көбіне жұмыртқаны аналық басады, ал аталық тамақ тасиды.
Әлсізі кейде тірі қалмауы мүмкін
Балапандар бір уақытта емес, бірінен соң бірі шығады. Бұл «асинхронды шығу» деп аталады.
«Алғашқы шыққан балапан әдетте күшті болады, ал әлсізі кейде тірі қалмауы мүмкін. Балапандар толық қауырсынданып, ұядан ұшып кетуге 45–55 күн шамасында дайын болады. Осы уақыт ішінде ата-анасы оларға қорек әкеліп тұрады (ұсақ сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар)», - дейді мамандар.
Балапандар ұядан шыққан соң да бірнеше апта бойы ата-анасына тәуелді болады.
Дала қыраны Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, яғни ол сирек және қорғалатын құс түрі болып саналады.