Қостанайда көлігіне ұятсыз жазу жапсырып алған әйел сотты болды
Сот бұл әрекетті қоғамдық тәртіпті бұзу деп таныды

Қостанай қаласында әйел адамға қатысты бейәдеп сөздерді қоғамдық орында көрсетуге байланысты әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық соттың ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көлікке жапсырылған жазу – «жол апаттарының алдын алу» ма?
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 10 маусымында азаматша жүк көлігінің жүк салғышына бейәдеп сөздер жазылған жапсырма орналастырған.
Сотта әйел адам мұны жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында жасағанын алға тартты. Оның айтуынша, мұндай ескерту жапсырмалар жүк көліктерінде жиі кездеседі және ешкімді қорлау мақсатында орнатылмаған.
Сот қоғамдық орын екенін ескеріп, айыппұл салды
Алайда сот көліктің қоғамдық орында жүргенін және жапсырма көпшіліктің көз алдында болғанын негізге алып, бұл әрекетті қоршаған ортаға құрметсіздік пен қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағалады.
«Сот шешімімен азаматша 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұлға тартылды», – делінген сот хабарламасында.
Айта кетейік, сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.