Павлодарда өміріне қауіп төнген жүкті әйел құтқарылды
Ол өзенге секіріп кете жаздады
Павлодарда өз өміріне қауіп төндірген жүкті әйелді полицейлер құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, «102» нөміріне бейтаныс әйелдің Усолка өзеніне көпірден секірмек ниеті туралы куәгерден қоңырау түскен.
Оқиға орнына дереу Павлодар қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Талғат Қамзин мен Еламан Кәрімов жіберілді.
«Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері көпірде отырған әйелді байқады. Жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында олар әйелді құтқарып, жағаға жеткізді. Онда алғашқы көмек көрсетіліп, кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Полиция департаментінде атап өткендей, тәртіп сақшылары күн сайын қызметке кірісе отырып, азаматтарды қылмыстық әрекеттерден қорғап қана қоймай, өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға да көмек көрсетеді», - делінген облыстық ПД хабарламасында.