Семейде оқушының скутерін ұрлаған екі жас жігіт ұсталды
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды

Семей қаласында полицейлер жеке тұрғын үй ауласынан ұрланған скутерге қатысты ұрлық дерегін ашты. Күдікті ретінде екі жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұрлық қалай болды?
Қала тұрғынының мәлімдеуінше, ақ түсті скутер 2025 жылғы 11 мамыр сағат 22:20 мен 12 мамыр сағат 18:30 аралығында жеке үй ауласынан ұрланған.
Келтірілген материалдық шығын – 350 000 теңге.
Күдіктілер ұсталып, скутер қайтарылды
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 22 және 24 жастағы екі жергілікті тұрғын анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Тергеу барысында олар кінәсін мойындады. Ұрланған скутер айғақ зат ретінде тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Тергеу амалдары жүріп жатыр
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.