Құрбан айттың бірінші күні 35 мыңға жуық отбасыға ет таратылды – Діни басқарма
Құрбан шалуға 997 өтініш онлайн форматта қабылданған

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айттың бірінші күні 34 771 отбасыға ет таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мүфтияттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
20 797 мал құрбандыққа шалынған
Биыл да ҚМДБ құрбан шалуды дәстүрлі түрде және QURBAN.MUFTYAT.KZ сайты арқылы онлайн форматта ұйымдастырып отыр.
«6 маусым – Құрбан айттың алғашқы күні еліміз бойынша жалпы саны 20 797 мал құрбандыққа шалынған. Оның ішінде 997 өтініш онлайн форматта қабылданған. Мал түрлері бойынша: қой – 18876, ешкі – 970, ірі қара – 944, түйе – 16», - деп жазылған хабарламада.
Құрбандық еті республика көлемінде 34 771 мұқтаж отбасы мен 210 әлеуметтік мекемеге үлестірілді.
Айта кетері, онлайн құрбан шалуға тапсырыстар Qurban.muftyat.kz сайты арқылы маусым айының 8-і күні сағат 12:00-ге дейін қабылданады.
Құрбан шалу кімге міндет
Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбан шалу. Мұсылман, балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, тұрғылықты болған (яғни сапарда емес адам), өзінің және отбасының негізгі қажеттілігінен артылған мал-дүниесі нисаб мөлшеріне жеткен ер мен әйелге өз атынан құрбан шалу міндет болады. Егер жиған-тергені нисаб мөлшеріне жетпесе, өз атынан құрбан шалуға міндеттелмейді.