Сотталушылардың бірінің туысы балағат сөздер айтты
Жетісу облыстық полиция департаменті 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты үкім жарияланғаннан кейін сот залында болған дүрбелеңге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның хабарлауынша, үкім жарияланғаннан кейін сот шешімімен келіспеген сотталушылардың туыстары тәртіпті бұзуға әрекеттенген.
Балағат сөздер айтып, агрессия танытқандардың бірі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Полиция сот залында және оған іргелес аумақта тәртіпті қамтамасыз етті. Сот төрелігіне қысым көрсетуге болмайды. Жағдайды тұрақсыздандыруға, сот шешімінің орындалуына кедергі келтіруге немесе сотқа құрметсіздік танытуға бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң түрде тоқтатылады», - деп хабарлады полиция.
Оқиға видеоға түсіп қалған
Сот залында түсірілген видеоны Шерзаттың отбасының адвокаты Мейіржан Шекеев бөлісті. Видеоға қарағанда, сотталушылардың кабинасында төбелес шыққан. Туыстарының «Абзал, қой», «Дидар, тоқтат» деген дауысы естіледі.
Бүгін Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ержан Жанұзақов іс бойынша үкім шығарды. Сондай-ақ қылмыскерлерге моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді.
10 сәуірде Талдықорғанда осы қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Тергеу барысында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Сотта айыпталушыларды 17 адвокат қорғайтыны белгілі болды.
17 сәуірде Талғарда Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша басты сот отырысы басталды. Судья Ержан Жанұзақов күдіктілерге қандай баптар бойынша айып тағылғанын тізіп шықты. Айыпталушылардың жартысының соттылығы бар болып шықты. Прокурор Шерзаттың өліміне әкелген жанжалдың қалай басталғанын түсіндірді.
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғарда көз жұмды. Дүкен маңында төбелес шығарған бір топ адам жасөспірімді анасының көзінше ұрып-соғып, пышақтап тастаған.
Шерзаттың әкесі Бас прокурорға әділ тергеу жүргізуді өтініп, отбасын қорқытып жатқанын мәлімдеді.
12 қазанда Шарзаттың отбасының үйі өртеніп кетті. Зардап шеккендер жоқ. Марқұмның отбасы қорғауға алынды.
Жасөспірімнің өлімінен кейін Талғар әкімі мен оның орынбасары, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылды. 18 қазанда Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов қызметінен босатылды. Келесі күні Алматы облысында бірнеше жоғары лауазымды полицейдің жұмыстан босатылғаны белгілі болды.