$ 510.19  582.79  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі: Абзал Шынасыл 23 жылға сотталды

Ең төмен жазаны кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ алды 

Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі: Абзал Шынасыл 23 жылға сотталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Талдықорған сотында судья Ержан Жанұзақов 16 жасында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 күдіктіге үкім оқыды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар 7 жылдан 23 жылға дейінгі аралықта сотталды.

Қылмыстық істің басты фигуранты  Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Равиль Сакиев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі, 24-бап 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға сотталды.
  • Азамат Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), қосымша 188-бап (ұрлық) бойынша бұрынғы соттылықтарын ескере отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Нұрқиас Ілиясов – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), бұрынғы соттылығына байланысты 9 жылға сотталды.
  • Шыңғыс Белғожаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
  • Дархан Әскентай – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Нұрбол Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
  • Дидар Қалиахмет – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Дидар Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 айға сотталды.

Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат топтық төбелестің құрбаны болды. Оқиға қаладағы «Қамажай» дүкенінің алдында басталған. Жасөспірім бала әкесі Қаржаубай Нұрымовпен бірге сауда жасап жүргенде сыра алуға келген Дархан Әскентаймен қақтығысып қалады. Әскентай бір топ жігітті шақырып, ақыр аяғында олардың арасында үлкен жанжал туып, төбелес болады. Сол жерде жүрген Абзал Шынасыл Шерзат Полаттың жүрек тұсына пышақ сұғып, қалғандары қансыраған баланы анасының көзінше тепкілейді. Оның видеосы желіге жедел тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Алматы полиция департаменті іске қатысы бар 11 адамды ұстап, екі айға тергеу изоляторына қамады. Осы іс бойынша 40 сот сараптамасы жасалып, шамамен 200 куәгерден жауап алынды. Елді дүр сілкіндірген қылмыстан кейін Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары,  Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы орындарын босатты.

Құқық қорғау органдары тарапынан қара жамылған отбасының қауіпсіздігі қамтамасыз етілгені айтылғанымен, көп ұзамай Қаржаубай Нұрымовтың үйі өртеніп кетті. 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың ағасы, төбелестің ішінде болған куәгер Нұрқанат Ғайыпбаев жұмбақ жағдайда қаза тапты. Ресми тергеу мәліметтері бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. Марқұмды жерлеу рәсімінен кейін Қаржаубай Нұрымов қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен 15 күнге қамалып шықты.

Шерзат Полаттың өліміне байланысты тергеу амалдары 22 қаңтарда аяқталып, 10 сәуірде Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының ғимаратында сот отырысы басталды. Онда мемлекеттік сарапшысы Мұхит Оразбекұлы баланың денесіне 12 см пышақ кіріп, өлімнің содан болғанын айтты. Тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров дер кезінде көмек көрсетілсе, Шерзат Полатты аман алып қалуға болатынын мәлім етті. Онлайн көрсетілген сот отырыстары барысында тек Абзал Шынасылдың ғана бет-бейнесі көрсетілді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Әжіғалиева Шерзатқа шабуыл жасаған барлық қатысушыға топ болып адам өлтіру бабы бойынша айып тағуды талап етті. Бірақ прокурор Дана Сәрсенбай адвокаттың талабына қарсы шықты. 

Күдіктілердің ешқайсысы 16 жастағы жасөспірімнің өлімін мойнына алмады. Олардың барлығының дерлік адвокаттары мен ата-аналары төбелеске Қаржаубай Нұрымовтың өзін кінәлап, кейбірі оның отбасының үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етті.

Серіктес жаңалықтары