Денсаулық сақтау басқармасы үйдің ауласында соққыға жығылған баланың жағдайын айтты
Астанада 8 жастағы баланы өзінен үлкен ұл ұрып-соққан

Астанада аяусыз соққыға жығылған баланың денсаулық жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«8 жастағы бала «№2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК травмпунктіне жеткізілді. Профильді мамандардың тексеруінен өтті. Баланың мұрын жарақатына алғашқы хирургиялық көмек көрсетілді. Жағдайы қанағаттанарлық», - деді Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан.
Қазір бала үйіне жіберілген.
Еске салсақ, 3 маусым күні Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында 7 жастағы баланы 6 сынып оқушысы қатты ұрып-соғып, мұрнын жарақаттаған. Жәбір көрген баланың анасы ұлының ес-түссіз, беті қанға боялып жатқанын айтқан.
Олар қылмыстық іс қозғауды талап етіп, құқық қорғау органдарына шағымданған. Полиция жасөспірімнің жас ерекшелігіне байланысты қылмыстық істің ашылмайтынын, дегенмен оқушының заңды өкіліне қатысты баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылғанын және шабуыл жасағанды профилактикалық есепке алғанын хабарлады.