Түркістан облысында дәрігерлер індет жұқтырған нәрестені емдеп шығарды
Облыста 1 жасқа толмаған 10 бала коронавирус инфекциясын жұқтырған
Түркістан облысында дәрігерлер COVID-19 инфекциясын жұқтырған нәрестені емдеп шығарды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жетісай ауданынан келген 10 айлық бала туберкулезден емделу үшін Облыстық фтизиопульмонология орталығына жатқызылған. Тексеру барысында сәбиден COVID-19 инфекциясы анықталды.
Бұдан кейін бала дереу Леңгір қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, екі апта ем қабылдады. Дәрігерлер баладан бірден коронавирус індетін анықтап, дер кезінде емдеді, нәтижесінде қазір кішкентай науқастың өміріне еш қауіп жоқ.
Өкпесі екі бірдей қауіпті дертке шалдыққан баланың жағдайы өте қиын еді дейді дәрігерлер. Бұрын сәби коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған. Қазір ол COVID-19 инфекциясынан толық айығып, қайта тапсырған анализі таза шыққандықтан, облыстық фтизиопульмонология орталығында туберкулезге қарсы емді жалғастыруда.
«Өкпесі ауыратын адам онсыз да әлсіз келеді. Науқастарды мүмкіндігінше СOVID-19 инфекциясынан қорғауға тырысамыз. Барлық сақтық шаралары қамтамасыз етілген. Ауруханада коронавирусты ерте анықтау үшін, тіпті, арнайы вирусологиялық зертхана жұмыс істейді. Зертхана соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Мамандарымыз оны жақсы меңгеріп, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда», - дейді Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Болатхан Сағымбеков.
Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде Түркістан облысында 1 жасқа толмаған 10 бала коронавирус індетін жұқтырған. Олардың сегізі жазылып шықты. Екеуі инфекциялық госпитальдарда ем қабылдауда. Жалпы, өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 400 адам тіркелген. Дәрігерлердің көмегімен 257 науқас дерттен жазылып, отбасына оралды.