Ту, елтаңба және әнұран: Қазақстанның мемлекеттік рәміздері қалай әзірленді
1992 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылданған

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл күні еліміздің туы, елтаңбасы және әнұраны ресми түрде бекітілген. Олардың әзірленіп, бекітілу тарихы 1990 жылдан бастау алады. Бүгінде кәсіби суретшілердің сызбалары, эскиздері мен азаматтардың ұсыныстары Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақтаулы тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік рәміздерді жаңарту идеясы Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде жарияламай тұрып-ақ пайда болған. 1990 жылдың маусымында академик, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты Манаш Қозыбаев ел басшылығына ескірген рәміздерді қайта қарау туралы ұсыныс жолдайды. Ол өз хатында әнұран жеке басқа табыну дәуірінде жазылғанын және сталиндік идеологияны бейнелейтінін, ал елтаңбаның республиканың аграрлық ел болған кезеңде жасалғанын атап өтеді. Бұл бастаманы кейін Қазақ КСР-ның президенттік кеңесінің мүшесі Сұлтан Сартаев та қолдаған.
1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, мемлекеттіліктің маңызды нышаны ретінде өз рәміздерін бекіту күн тәртібіне шықты. 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес Президиумының жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы жарлығы шықты. Оның құрамына заңгерлер, суретшілер мен қоғам қайраткерлері енді. Осы кезеңде бүкіл республика бойынша мемлекеттік рәміздердің үздік жобасына арналған байқау жарияланып, жүздеген қазақстандық өз эскиздері мен ұсыныстарын жолдады.
Көпшілік талқылауының нәтижесінде 1992 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылданады. Осы күні ту, елтаңба және әнұран ресми түрде бекітілді. Биыл бұл тарихи оқиғаға 33 жыл толып отыр.
«Мемлекеттік рәміздердің дүниеге келу тарихын баяндайтын барлық құжат Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақталған. Бұл – қазірдің өзінде тарихтың бір бөлшегі. Осы материалдарға жүгіну арқылы рәміздердің негізінде қандай идеялар жатқанын, олардың қалай бекітілгенін және әр элементке қандай мән берілгенін көруге болады», - дейді Ғылыми-қолданбалы зерттеулер орталығының жетекшісі Нұрбек Шаяхмет.
Айта кетейік, Қазақстанның мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. 1992 жылы байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР әнұранының музыкалық нұсқасы сақталып, мәтінін Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалив және Жадыра Дәрібаева бірлесіп жазған Ал 14 жылдан соң, 2006 жылғы 7 қаңтарда композитор Шәмші Қалдаяқовтың Жұмекен Нәжімеденов сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әні тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзгертуімен мемлекеттік әнұран болып бекітілді.
Қазақстан туының авторы – өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Елтаңба авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Бүгінде Президент Архивінде осы тарихи жолды айғақтайтын жарлықтар, сызбалар, әнұранның ноталары мен азаматтардың ұсыныстары сақтаулы. Әсіресе, 1992 жылғы 4 маусымда қабылданған заңдар ерекше құнды. Архив осындай маңызды құжаттарды келер ұрпаққа жеткізу арқылы ұлттық құндылықтарды сақтау қызметін абыроймен атқарып келеді.