Ақтаудағы дүрбелең: әкімдік мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Кәсіпкер қоғамдық іс-шара өткізетінін жергілікті атқарушы органға алдын ала хабарламаған

Ақтауда тегін балмұздақ таратып, тұрғындар арасында дүрбелең тудырған кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қоғамдық тәртіп бұзылды
Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше кәсіпкер бұл шараны заңсыз ұйымдастырған. Салдарынан тегін таратылған балмұздаққа таласқан ересектер бір-бірін таптай жаздаған.
«1 маусымда Ақтау қаласындағы «Abu Baby» балалар киім дүкені азық-түлік пен сыйлықтарды тегін тарату бойынша іс-шара ұйымдастырды. Аталған шара жергілікті атқарушы органға алдын-ала хабарламай және келісім алмай өткізілген. Салдарынан адамдар көп жиналып, қоғамдық тәртіп бұзылды», - деп жазылған хабарламада.
Дүкен иесі айыппұл төлейді
Дүкен иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-1-бабына сәйкес (қоғамдық іс-шараны хабарламай не келісім алмай өткізу) 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Әкімдік азаматтардың жаппай қатысуымен өткізілетін кез келген іс-шара, соның ішінде қайырымдылық акциялары, азық-түлік пен сыйлықтарды тарату сынды іс-шаралар қоғамдық орындарда өткізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тиісті елді мекеннің әкімдігімен міндетті түрде алдын ала келісілуі қажет екенін еске салды.
Еске сала кетейік, бұған дейін тегін балмұздаққа таласқан жұрттың арасында балалар жоғалып кеткенін жазған едік. Полиция оқиға орнында қоғамдық тәртіпті бақылауға алып, жоғалған балаларды іздеуге кіріскен.