$ 544.87  639.02  6.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Сианьнан шыққан халықаралық туристік пойыз Алматыға жетті

Туристік делегация құрамында 246 адам бар

Сианьнан шыққан халықаралық туристік пойыз Алматыға жетті
Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

Алматы-2 теміржол вокзалына Қытайдан шыққан «Сиань-Алматы» бағытындағы алғашқы халықаралық туристік пойыз келіп жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Туристер Алматыда бес күн болады

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше перронда Қытайдан келген туристерді қарсы алу рәсімі өтті.

«Пойыздың Қазақстан аумағымен қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілді.Халықаралық бағдардың ерекшеліктерін ескере отырып, пойыз қозғалысына арналған арнайы кесте әзірленді», – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов.

Құрам 9 вагоннан тұрады. Туристік делегация құрамында 246 адам бар. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ғалымдар, мәдениет пен спорт саласының танымал өкілдері бар. Қытайлық қонақтар бес күн бойы еліміздің оңтүстік астанасының тарихи-мәдени ерекшеліктерімен танысып, түрлі шараларға қатысады. Бағдарлама аясында төмендегідей іс-шаралар жоспарланған:

  • 1 маусым – Сиань–Алматы мәдени туризм апталығының ресми ашылуы және қарсы алу рәсімі;
  • 2 маусым – Республика сарайы алдындағы алаңда өтетін ауқымды мәдени-гуманитарлық фестиваль;
  • 3 маусым – Алматы қаласының мұражайлары мен көрнекті орындарына экскурсиялар;
  • 4 маусым – жастар мен спортшыларға арналған іс-шаралар, соның ішінде достық матчтар мен әйел кәсіпкерлерімен кездесулер;
  • 5–6 маусым – пойыздың кері бағытта жолға шығуы;
  • 7 маусым, сағат 18:30 (Пекин уақытымен) – пойыздың Сиань қаласына оралуы.

Жоба туризмді дамытады

Аталған жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени қарым-қатынасты тереңдетіп, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырған бастама — теміржол туризмін дамыту және Қазақстанның халықаралық туристік мәртебесін арттыруға бағытталған басым жобалардың бірі.

Пойыз Үрімжі қаласы арқылы өтіп, Қорғас халықаралық шекарасына тоқтады. Мұнда пойыздың дөңгелек жұптары ауыстырылды. Одан әрі пойыз Алтынкөл станциясы арқылы Алматы қаласына келіп жетті.

Серіктес жаңалықтары