Аргентинаның әйгілі футболшысы бұрынғы әйелінен алимент талап етті
Олардың некесі Италияда тіркелген

Аргентиналық футболшы Мауро Икарди бұрынғы жары Ванда Нараның көзіне шөп салғанын сотта дәлелдемекші, осылайша ол одан алимент алуға ниетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Чемпионат» басылымының хабарлауынша, ойыншының заңгері аргентиналық теледидарда Икарди экс-әйелінің опасыздығын дәлелдемек екенін мәлімдеген.
Әңгіме үш ер адам туралы болып отыр: Аргентина құрамасындағы серіктесі Федерико Фацио, «Спартактың» бұрынғы ойыншысы Кейта Бальде (оның некеден тыс қатынасын жұбайы растаған), сондай-ақ әнші L-Gante.
Айта кетейік, Икарди мен Нараның некесі Италияда тіркелген, ал итальян заңдарына сәйкес, жұбайының опасыздығы ажырасу процесінде заңды мәнге ие. Опасыздық жасаған тарап бұрынғы жұбайының қайта үйленгеніне дейін материалдық жағынан қамтамасыз етуі тиіс.
Егер Икарди Ванданың опасыздығын дәлелдесе, бұл ажырасу барысын күрт өзгертуі мүмкін. Нәтижесінде, Нара Мауроны жаңа некеге тұрғанға дейін қаржылай қолдауға міндеттелуі ықтимал.
Сонымен қатар футболшының заңгерлері некеге дейінгі келісімді жарамсыз деп тануға және мүлікті қайта бөлуге тырыспақ.