«Жылқыға шөп жоқ, киікке қайдан табамыз?»: Аманжол Әлтай ақылға қонымсыз бастама жайлы айтты
Ол киіктерді қай кезеңде реттеу керегін айтты

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай киік популяциясына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сарыарқаның бойтұмары болған киік санының көбеюіне байланысты баяндамалар тыңдалды. Олардың ішінде көңілге қонбайтын бастамалар да болды. Мысалы, Смайылұлы киікті қолға алып, қысы-жазы тұрақты бағу керек деп айтты. Бұл – ақылға сыймайтын ұсыныс. Киік - көшпелі тіршілік иесі. Қыста жылы жаққа, ал жазда Батыс Қазақстан мен Арқаны жайлайды. Қысы-жазы баға алмаймыз. Жылқы мен сиырға шөп таба алмай отырғанда, киікке қайдан табамыз?» - деді депутат Аманжол Әлтай Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында.
Депутаттың сөзінше, Қарағандыдан Жезқазғанға дейінгі аралықта киіктерге арналған бірде-бір экокөпір жоқ.
«Жолдардың барлығы теміржол мен тас жолмен жабылғандықтан, киік өзінің көші-қон жолын ұмытып қалды. Бұл бағыттар зерделеніп, олардың нақты маусымы белгіленуі керек. Киікке көктемде, төлдейтін уақытта қол тигізуге болмайды. Ал күзде, денесі толық семірген кезде, популяцияны реттеу қажет. Арқадағы киікті шіліңгір шілдеде басқа өңірге қалай айдаймыз? Әр облыста киік қабылдау пунктін ұйымдастыру керек», -деді ол.
Еске салсақ, еліміздің 6 облысында киік қабылдауға арналған 25 мал бордақылау орны бар.