«Көз жасымызды айта барыңыз»: Ақмола облысында дихандар киіктен зардап шегіп отырғанын айтты
Олар егісті киіктер тапап кететініне алаңдап отыр

Ақмола облысындағы «Сепе-1» шаруашылығының басшысы Ғалымхан Сақанов өңірдегі Атбасар, Егіндікөл және Астрахан аудандарында киік саны миллионнан асқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз премьер-министрдің қаулысын қолдаймыз. Онда аумақтық инспекциялар бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерін егістікті киіктерден қорғауды ұсынады. Алайда қазіргі таңда бұл шаралар жеткіліксіз болып отыр. Жыл сайын киік саны 2-3 есеге көбейіп келеді. Соңғы 5 жылда аграршылар осы мәселеге душар болды, - деді Сақанов Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, жерлестері Мәжіліс депутаттарына осы мәселе жөнінде аманат жолдаған.
«Атамекен» аграршылары менің Мәжілісте сөз сөйлейтінімді естіп, маған мынадай аманат жүктеді: «Мәжіліс депутаттарының алдында тізе бүксеңіз де, қысқа мерзімде осы мәселені шешіп, зардап шеккендердің үмітсіздігі мен көз жасын жеткізіңіз»,- деді Ғалымхан Сақанов.
Осыған дейін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Мұқадес» шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Сағитов өңірде көшпелі мұздатқышы бар ет комбинатын жасақтауды ұсынған еді.