СҚО-да егіс науқаны аяқталды

Биыл қарақұмық алқаптары 4,5 мың гектарға дейін ұлғайтылған 

СҚО-да егіс науқаны аяқталды

Солтүстік Қазақстан диқандары көктемгі егістік жұмыстарын аяқтады. Биыл 4,2 млн гектар жерге тұқым сіңірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.                                                  

Жалпы егістік аумағының 2,9 млн гектары – дәнді және бұршақ, 1 млн гектары – майлы дақылдар. Сондай-ақ биыл қарақұмық алқаптары 4,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Дала жұмыстарына 13 мыңнан астам техника жұмылдырылған.                               

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше биыл тұқымдарды жаңалау бағдарламасы аясында Ресейден және өзге аймақтардан элиталы тұқым әкелінген.                              

«Шетелден тұқым әкелудегі мақсат – өнімділікті арттыру. Егіс науқаны кезінде алқаптарға 83 мың тонна минералды тыңайтқыш себілді. Оның да пайдасы болары анық. Алдағы уақытта тағы 40 мың тоннадан астам тыңайтқыш қолдану жоспарда бар.  Төтенше жағдай ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмысына қатты кедергі келтірген жоқ деуге болады. Түрлі сервистік компаниялар жұмыс істеді. Сайман, бөлшектер сататын дүкендер де штаттық режим бойынша қызмет етті. Сондықтан егіс науқаны дер кезінде аяқталып отыр», - дейді СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.