$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.06.2020, 10:33
Жаңалықтар

Жоғарғы сот пен 4 министрлік ірі көлемдегі қаржыны игере алмаған

Осы жылдың бес айында 61 млрд теңге игерілмеген 

Жоғарғы сот пен 4 министрлік ірі көлемдегі қаржыны игере алмаған
Фото: ашық дереккөзден

2020 жылдың 5 айында республикалық бюджеттен  5 трлн 620 млрд теңге жаратылып, 61 млрд теңге игерілмей қалған. Оның 15 млрд теңгесін үнемдеу десек, нақты 46 млрд теңге жұмсалмаған болып шығады.

Үкімет отырысында Қаржы министрі Е. Жамаубаев баяндама жасап, қаржыны игере алмаған мемлекеттік органдарды атап шықты.

«Ең ірі қаржы сомаларын мына мемлекеттік органдар игермеген: Ұлттық экономика министрлігі – 7,3 млрд теңге, Ішкі істер министрлігі – 6,4 млрд теңге, Денсаулық сақтау министрлігі – 4,8 млрд теңге, Жоғарғы сот – 4,5 млрд теңге, Қорғаныс министрлігі – 4,2 млрд теңге. Қаржыны игермеудің негізгі себептеріне конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер, атқарылған жұмыстар көлеміне төлеу, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу және төлем бойынша құжаттарды ұзақ мерзімді келісу жатады», - деді ол.

Ал қаңтар-мамырдағы әкімдіктердің бюджеттік шығыстары 2 трлн 606 млрд болған, 75 млрд теңге орындалмаған.

«Ең көп игерілмеген қаражат келесі өңірлерге тиесілі: Алматы қаласы – 3,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан – 2,7 млрд теңге, Павлодар – 2,6 млрд теңге, Қызылорда – 2,4 млрд теңге, Қарағанды – 2 млрд теңге, Маңғыстау – 1,6 млрд теңге, Ақмола және Түркістан облыстарында – 0,9 млрд теңге, Нұр-сұлтан қаласы мен Алматы облысында – 0,8 млрд теңге», - деп мәлімдеді министр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары