Астанада автокөлікті заңдастырып беремін деп уәде еткен күдікті ұсталды
Оның үстінен алаяқтық бойынша іс қозғалды

Елордада шетелдік тіркеудегі автокөлікті заңдастырып беремін деп алдап, ірі көлемде ақша алған алаяқ ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, жәбірленуші күдіктімен ортақ танысы арқылы байланыс орнатқан. Ол өзін көлік рәсімдеу ісінде тәжірибелі маман ретінде таныстырып, автокөлікті ресейлік есептен шығарып, Қазақстанда тіркеп беруге уәде берген.
Келісім бойынша жәбірленуші бастапқы төлемді қолма-қол беріп, қалған бөлігін мобильді банк қосымшасы арқылы аударған. Бірақ уәде орындалмаған – күдікті ақшаны алған соң байланысқа шықпай қойған.
Күдікті кінәсін мойындады
Жедел-іздестіру шаралары барысында Байқоңыр аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Тергеу кезінде ол өз кінәсін толық мойындады.
Қазіргі таңда аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында қаралуда. Полицейлер күдіктінің басқа да ұқсас істерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Полиция тұрғындарға ескерту жасады
Құқық қорғау органдары азаматтарға сақ болуды ескертеді. Көлікті тіркеу немесе заңдастыру секілді рәсімдер тек ресми мемлекеттік органдар арқылы жүргізілуі керек. Бейтаныс адамдарға сеніп, ірі көлемде ақша тапсыру – қауіп төндіреді.