Оны бірінші болып көшеден өткен тұрғындар байқаған
Павлодарда төрт жасар бала төртінші қабаттағы ашық терезе жақтауында тұрған сәтте құтқарылды. Оқиға Толстой көшесіндегі бес қабатты үйде болған. Жағдайды бірінші болып көшеден өткен тұрғындар байқаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қыз бала жалғыз өзі үйде қалған және терезе жақтауында тұрған. Ол кез келген сәтте төменге құлап кетуі мүмкін еді.
Құтқарушыларды тұрғындар дереу шақырған. Арнайы бригада оқиға орнына бірнеше минут ішінде жетіп, қыз баланы аман алып қалды.
Құтқарушылардың бірі пәтердің есігі арқылы қызбен сөйлесіп, назарын басқа жаққа бұрды, ал қалғандары шатыр арқылы альпинистік құралмен терезеге көтеріліп, ішке кіріп, баланы қауіпсіз жерге шығарды.
Павлодар облысында соңғы бес жылда 48 бала терезеден құлаған, оның 11-і көз жұмған. Жақында ғана екі жасар бала үшінші қабаттан құлап, қаза болған.
Айта кету керек, Қазақстанда жыл басынан бері 60 бала терезеден құлап кетті.
Соңғы жылдары елде балалардың терезеден құлау жағдайлары жиіледі. Мысалы, жақында Павлодарда үш жасар бала терезеден құлап, көз жұмды. Оның анасы 5 жылға сотталуы мүмкі Қайғылы оқиға кезінде балалар үйде жалғыз қалғаны анықталды. Сонымен қатар Ақтауда бес күнде терезеден құлаған үш сәбидің жағдайы ауыр екені хабарланған еді. Одан бұрын Шымкентте үш жасар бүлдіршін бесінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Бала ауыр халде ауруханаға жатқызылды. Биыл жыл басында Қазақстан құрылыс компанияларына терезелерді бекітетін құрал орнатуды міндеттеген болатын, себебі биіктен құлап кеткен балалардың 80%-ы үйдің терезесінен құлаған.