Талдықорғанда мас күйінде қайта ұсталған жүргізуші 6 жылға сотталуы мүмкін
Ол осыған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін сотталған
Жетісу облысында мас күйінде қайта ұсталған жүргізуші енді 6 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушіні ұстады. Оқиға тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Honda автокөлігін басқарған ер адам кері қозғалғанда Hyundai көлігімен соқтығысқан.
Бұрын да жауапқа тартылған
Тексеру барысында ұсталған азаматтың 2022 жылы дәл осы құқықбұзушылық үшін екі жылға бас бостандығынан айырылғаны және 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Жазасын өтеген соң да қайтадан заң талабын бұзған.
Қылмыстық жаза – 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру
ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, мас күйінде көлік құралын қайта басқару – ауыр қылмыс болып саналады. Заң бойынша:
- 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру,
- Көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру жазасы көзделген.
Тергеу жүргізілуде
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қылмыстық тергеу басталды. Құқық қорғау органдары мұндай қайталанған құқықбұзушылықтар қоғам үшін өте қауіпті екенін және қатаң жазаланатынын ескертуде.