Араб компаниясы Қазақстанда қант зауытын салады
8 жоба бойынша қосымша инвестициялық келісімдерге қол қою мүмкіндігі пысықталып жатыр

Ауыл шаруашылығы саласында 15 шетелдік трансұлттық компания ірі жобаларды жүзеге асырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келісімшартқа қол қойылды
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше жобалардың жалпы құны – 4 трлн доллар.
«Сондай-ақ биыл түркиялық "Alsera" компаниясымен Қазақстанда 500 га аумақта жылыжай кешенін салу және араб елдерінің "QazaqArab Sugar" компаниясымен "Қазақстанда қант зауытын салу" жобасы бойынша келісімшарттарға қол қойылды», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар биыл 8 жоба бойынша қосымша инвестициялық келісімдерге қол қою мүмкіндігі пысықталып жатыр. Ең ірі жобалар:
- жүгеріні терең өңдейтін Қытайлық "Fufeng Group" компаниясы,
- Алматы облысында тұзды тағамдар шығаратын зауыт құрылысын салатын америкалық "PepsiCo" компаниясы,
- бірнеше облыста құрама жем зауыттарын салатын венгриялық "UBM Group" компаниясы,
- дәнді дақылдарды терең өңдейтін қытайлық "Dalian Hesheng" компаниясы,
- дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдейтін түркиялық "Tiryaki Holding" компаниясы бар.
Орталық Азиядағы ең ірі зауыт
Еске сала кетейік, Алматы облысында чипсы шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі зауыт салу мәселесі талқыланған болатын. 2024 жылғы маусымда өткен келіссөздер қорытындысы 160 млн доллар инвестиция тарту жоспарланған.
«Картоп өңдеудің өндірістік қуаты мен көлемі үш есеге артып, 70 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін өседі. Бұл жылына шамамен 70 мың тонна дайын өнім шығаруды қамтамасыз етеді», - деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Кәсіпорында 900-ге жуық жұмыс орны ашылады. Жоба аясында жергілікті шикізатты пайдалану көзделіп отыр — картопты жеткізуге қазақстандық фермерлік шаруашылықтар тартылады.