«Кімді алдап жүрміз»: Сәрсенғалиев статистиканың қалай қолдан жасалатынын жайып салды
Ол бірқатар ұсынысын да жеткізді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев үкіметке жолдаған депутаттық сауалында жұмыссыздық туралы ресми деректер шындыққа сай келмейді деп мәлімдеді. Ол бұл жағдай халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бағдарламалардың тиімділігін төмендетіп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды – яғни 451 515 азамат. Бұл шындыққа жанаса ма?» – деді депутат Мәжіліс отырысында.
Депутат қолындағы 2025 жылғы ресми деректерге сүйене отырып, Қазақстан халқының жалпы саны 20,2 миллион екенін, соның ішінде 11,5 миллионы еңбекке қабілетті екенін жеткізді. Алайда солардың 5,2 миллионында зейнетақы мен әлеуметтік аударымдар мүлде жоқ екеніне назар аудартты.
«Яғни еңбекке қабілетті азаматтардың жартысынан көбі жұмыссыз болуы мүмкін. Ал ресми статистика оларды жұмыссыз ретінде көрсетпейді. Бұл – статистиканы қолдан жасап отырғанымыздың дәлелі», – деді Сәрсенғалиев.
Депутаттың айтуынша, 2024 жылы халықты жұмыспен қамтуға бағытталған 6 мемлекеттік бағдарламаға 180 мыңнан астам адам қатысқанымен, олардың тек 26 мыңнан астамы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ, «Жастар практикасы» бағдарламасына 33 300 жас қатысып, әрқайсысына ай сайын 117 960 теңге төленгенімен, тек 7400-і ғана жұмысқа тұрған. Бұл бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуын көрсетеді.
2024 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 236 037 жасты жұмысқа тұрғыздық деп есеп берген. Алайда Зейнетақы қорына аударым жасаған жастар саны – тек 203 607. Бұл – кемінде 33 мың жас маманның жұмыс істегені күмән тудыратынын білдіреді.
Депутат жоғары аудиторлық палатаның есебіне сүйене отырып, осы бағдарламаға қатысқан 1 415 түлектің тек 471-і ғана жұмысқа орналасқанын алға тартты. Қалғандары тек жұмыспен қамту орталықтарына тіркелумен шектелген.
«Біз кімді алдап жүрміз? Мұндай жалған есептермен жұмыссыздықты жоя алмаймыз», – деді Сәрсенғалиев.
Депутат ұсынған нақты ұсыныстар:
- Жұмыссыздықты анықтау әдістемесін қайта қарау;
- Жұмыспен қамту бағдарламаларына бөлінген қаражатқа толық аудит жүргізу;
- Жастарға арналған микрокредит беру бағдарламасын қайта іске қосу және кепіл талаптарын жеңілдету;
- «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа алынған мамандарды тұрақты жұмысқа орналастыруды міндеттеу;
- Аталған бағдарлама шеңберіндегі жалақыны 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке, ауылдарда 45 АЕК-ке дейін арттыру.