«Отбасы банк» ауыл халқы үшін қолжетімді болуы тиіс – Саиров
Ол бұл мәселе қазір өзекті болып отырғанын айтты

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайров Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Отбасы банк» қызметін ауылдар мен моноқалаларға бағыттау жөніндегі тапсырмасының әлі де нақты тетіктерсіз қалып отырғанын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінде ауыл мен моноқалаларда 8,7 млн адам тұрады – бұл Қазақстан халқының 43%-ы. Бірақ тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қала мен ауыл арасында айтарлықтай айырмашылықта. Қалада бір адамға шаққанда 26,9 шаршы метр болса, ауылда небәрі 20,7 шаршы метр», – деді депутат.
Ерлан Сайровтың айтуынша, 2025 жылдың басында:
- ауылдарда 9 мыңнан астам адам тұратын 1 200 апатты үй тіркелген;
- моноқалаларда 2 300 адам тұратын 76 апатты үй бар.
Оның үстіне, жаңа тұрғын үйдің тек 20%-ы ғана ауылдық жерлерде салынған. Мұның басты себебі – ауыл халқы үшін ипотекалық өнімдердің қолжетімсіздігі мен ақпараттың аздығы.
2024 жылы «Отбасы банк» «Асыл мекен» пилоттық бағдарламасын іске қосып, ауылдарда жеке тұрғын үй салуға және сатып алуға 2 млрд теңге бөлген. Қатысушыларға 10 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ұсынылды. Бағдарламаға «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша кезекте тұрған азаматтар басымдықпен тартылды.
Алайда бағдарлама тиімділігіне қарамастан, қаржыландыру тоқтатылып, бастама жалғасын таппады.
«Президенттің “аудан орталықтарына, моноқалаларға, ауылға назар аудару” туралы тапсырмасы нақты іске асырылмай отыр. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік саясатына деген немқұрайлықтың көрінісі», – деді Сайров.
Ерлан Сайров ұсынған нақты шаралар:
«Асыл мекен» бағдарламасын тұрақты қаржыландыру
- Бағдарламаны бүкіл ел аумағында кеңейту
- Республикалық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлу
Ауылға бейімделген ипотекалық өнімдер әзірлеу
- Мөлшерлемесі 5%-ға дейін
- Бастапқы жарна 10%-дан бастап
- Әлеуметтік осал топтарға субсидия
Әкімдіктермен үйлестіруді күшейту
- ШҚО-дағы «Бір қабатты Шығыс» және Жетісу облысындағы «Жерұйық» жобалары тәжірибесін қолдану
- Бірлескен келісімдер жасау
Консультациялық қызметтерді кеңейту
- Әр ауданда «Отбасы банк» бөлімшелерін ашу
- Мобильді кеңсе жүйесін енгізу
- Ақпараттық-ағарту науқандарын бастау
Депутат Ерлан Сайровтың бұл бастамасы ауыл тұрғындары мен моноқала тұрғындарының тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Ол «Отбасы банк» қызметін қайта қарап, әділетті және теңгерімді тұрғын үй саясатын іске асыру қажеттігін алға тартты.