Алматының Арбатында ашық би билеген бір топ қыз полицияның назарын аударды (ВИДЕО)
Оларға полиция түсіндірме жұмысын жүргізген

Алматының Арбат көшесінде High Heels стилінде би билеген қыздар полиция бөліміне түскен. Полиция оларға қоғамдық орында өнер көрсетудің ережелерін түсіндірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласының Арбат көшесінде биік өкшелі аяқ киімде (High Heels стилінде) би билеген хореограф Дильназ Ғалымжанова әлеуметтік желідегі парақшасында аталмыш көше биінің видеосын жариялап, ақыры полиция бөлімінен бірақ шыққанын хабарлады.
Құқық қорғау органдары бұл әрекетті рұқсатсыз қоғамдық іс-шара ретінде қабылдап, қыздарды полиция бөліміне шақырған екен.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме беріп, қыздардың ұсталмағанын, оларға тек қоғамдық орында іс-шара өткізу ережелерін түсіндіргенін, содан кейін қыздар үйлеріне қайтқанын хабарлады.
Аталған оқиға әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Пікір жазғандардың жартысы қыздардың шығармашылығына тәнті болса, енді бірі бұл әрекетті қоғамдық тәртіпке қайшы деп бағалады:
- «Осындай жарқын қыздарымыз бар екеніне қуаныштымын! Бірақ қай жерде билегені, әрине, даулы мәселе»
- «Бізде бишілерді – бөлімшеге, ұрыларды – креслоға отырғызады»
- «Көше – сән көрсететін подиум емес. Не клубта не сахнада билесін»
Желіде қыздардың батылдығы мен өнеріне құрмет білдіргендермен қатар, қоғамдық орындағы тәртіп пен этиканы алға тартқан пікірлер де басым болды.
Айта кетейік, High Heels — қазіргі заманғы бірнеше би элементтерін біріктіретін стиль. Ол хип-хоп, джаз, ваакинг және тверк бағыттарынан құралған, ерекше харизма мен сахналық дайындықты талап ететін би түрі. Бұл стиль әсіресе батыс елдерінде сәнге айналып, шоу-бизнес, клиптер мен сахналық қойылымдарда жиі кездеседі.