Жезқазғанда ауыз су жүйесі 90 пайызға тозып кеткен
Жезқазған қаласының ауыз су тазарту құрылысы жаңартылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, Үкімет Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын реконструкциялау үшін 1,8 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәулігіне 124 мың текше метр су тазартылады
Қаражат, ең алдымен, мембраналық жабдық орнатуға бағытталған, бұл өз кезегінде қолданыстағы тазарту құрылыстарын толық жаңғыртуға мүмкіндік береді. Жоба арқылы тәулігіне 124 мың текше метр су тазартатын құрылғылар орнатылмақ. Бұл Жезқазған тұрғындарының ауыз сумен қамтылуын жақсартуға көмектеседі.
Жезқазғанда 90 пайыз тозған жүйе ақыры жөнделеді
Жезқазған қаласының шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысы 1966 жылы іске қосылған. Қазіргі уақытта құрылғылар мен технологиялардың тозуы 90%-ды құрайды. Үкімет тарапынан бөлінген қаржы қала халқының экологиялық ахуалын жақсартуға және санитарлық-гигиеналық жағдайын арттыруға септігін тигізеді. Бұл жоба 98,6 мың адамға тікелей әсер етеді.
Ауыз су сапасы жақсара ма?
Бөлінген қаржы Жезқазған қаласы тұрғындарының әлеуметтік-экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ оларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл шара халықтың өмір сүру деңгейін көтеріп, экологиялық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді.