«Барселона» VS «Вильярреал»: матчтағы ең нашар үш ойыншы кім
«Барселонаның» жеңілуіне кімдер себеп болды?
«Барселона» Испания чемпионы болғаннан кейінгі ойында «Вильярреалдан» 2:3 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қос команда Испания чемпионатының 37-турында күш сынасып, «Вильярреалдың» жеңісімен аяқталды. Каталониялық команда ішкі біріншілікте соңғы рет өткен жылдың желтоқсанында «Атлетикодан» жеңілген.
«Барселона» сапынан кімдер нашар ойнады?
Сонымен бұл кездесуде кімдер нашар ойнап, «Барселонаның» жеңілуіне себеп болды? Біз осыған тоқталып өтейік.
- Марк-Андре Тер Штеген. Матчтағы деңгейіне байланысты 10 балдан небәрі 6,2 деген баға алды. Германиялық қақпашы ауыр жарақатынан кейін бұрынғы деңгейінде емес екені байқалып отыр. «Вильярреал» матчта «Барселона» қақпасына қарата 7 соққы жасаса, соның үшеуі тура бағытталған. Ал Тер Штеген осы үш тура соққының біреуін де қайтара алған жоқ. Сол сияқты 34-турда «Вальядолид» командасына қарсы ойында жарақатынан кейін алғаш рет шығып, 6-минутта-ақ түсініксіз жағдайда гол жіберіп алған. Міне осыған қарап-ақ неміс қақпашының деңгейі әлі бұрынғы қалпында емес екенін байқауға болады.
- Жерар Мартин. 10 ұпайдан 6,6 деген баға алды. Негізгі ойыншы Алехандро Бальденің орнын ауыстырады. Бұл кездесуде 4-минутта «Вильярреал» дәл осы қорғаушының осалдығын пайдаланып, сол қапталдан гол соғып кетті. Қорғаныста да әлсіз ойнап, шабуылда да жарытып көзге түскен жоқ. Ал бірінші таймнан кейін нашар ойыны үшін бас бапкер алаңнан алып тастады.
- Роберт Левандовски. 10 ұпайдан 6,6 деген баға алды. «Бавариядағы» бұрынғы командаласы Томас Мюлер поляк шабуылшысын Леванголски деп мақтап еді. Польшалық ойыншы бұл кездесуде көзге түсе қоймады. Рас, ішкі чемпионатта 25 гол, ал жалпы маусымда 40 гол соққаны бар. Ла лигада «Реалдағы» қарсыласы Килиан Мбаппемен үздік бомбардир атағына таласып келген. Бұл ойын Левандовскиге гол санын арттыруға берілген мүмкіндік еді. Бірақ пайдалана алған жоқ. Ал Мбаппе «Севильяға» қарсы ойында гол соғып, Левандовскиден ұзап кетті. Гол саны қазір 29-ға жетті.
Сөз ыңғайы келгенде айта кетері, Мбаппе «Реалдағы» дебьюттік маусымында 41 гол соғып, мадридтік клубтың тарихын жаңартты.
Матчта кімдер гол соқты?
- «Барселона»: Ламин Ямаль 38-минут, Фермин Лопес 45+5 минут;
- «Вильярреал»: Айосе Перес 4-минут, Санти Комесанья 50-минут, Тейджон Бьюкенен 80-минут.
Айта кетейік, «Барселона» 2024/2025 маусымының ресми түрде чемпионы атанып қойған. Ал бұл матч каталониялық команда үшін еш маңызы жоқ кездесу болды. Команданың сылбыр ойнауына осы факт себеп болғаны анық.