Қазақстанда велосипедтер мен самокаттарға мопедтікі сияқты мемнөмір тағыла ма
ІІМ бұл мәселеге қатысты ресми жауап берді

Қазақстанда велосипедтер мен самокаттарға мемлекеттік нөмір тағу мәселесіне нүкте қойылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Велосипедтерге қатысты мәселе күн тәртібінде жоқ және ешқашан болмаған. Иә, кейбіреулер балалар велосипеді туралы пікір білдірді, бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Самокаттарға келер болсақ, әңгіме мүлде басқа. Қарасаңыздар, барлық самокаттарда шағын, көзге онша байқалмайтын идентификациялық нөмірлер бар. Оларды самокаттарды жалға беретін агрегатор-компаниялар өздері орнатады. Біздің айтпағымыз – сол нөмірлерді үлкейту керек. Яғни біз оның көзге көрінетіндей болуына қатысты талаптар әзірлейміз. Мысалы, біреуді самокат қағып кетті делік, сіз куә болып, «мына нөмірлі самокат баланы қағып кетті» деп айтасыз. Сәйкесінше, біз агрегатордан сұрап, сол сәтте самокатты кім басқарғанын анықтаймыз.
Олар (кейбір жүргізушілер) неге өзін солай ұстайды? Өйткені ешкім білмейді, ешкім таба алмайды деп ойлайды», – деді Лепеха бейсенбі күні Мәжіліс кулуарында.