Қысым көрсетіп, ақша жинайды: Ақтауда полицейлер командирге шағым түсірді
Олар бөлімде қызметтік этикаға сай келмейтін жағдайлар жиілеп кеткенін айтады

Ақтауда Маңғыстау облыстық полиция департаментінің оқу-жаттығу ротасының қызметкерлері командирі Мақсат А.-ға қатысты ұжымдық шағым түсірді. Олар командирді қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, қысым көрсеткені, қорлағаны және заңсыз ақша жинауға мәжбүрлегені үшін айыптап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
«Шағымда көрсетілгендей, Мақсат А. 2024 жылдың қарашасында қызметке тағайындалғаннан кейін бөлімде қызметтік этикаға сай келмейтін жағдайлар жиілеп, жаппай жұмыстан кету, қызметкерлерге қысым көрсету белең алған. Үш қызметкер өз еркімен жұмыстан шықса, тағы екеуі жұмыстан шығарылу қаупінде тұрғанын мәлімдеген. Автоматты түрде 80%-ға жуық қызметкер заңсыз ақша жинауға және басшылыққа сыйлық тапсыруға қатысудан бас тартқаны үшін қудалауға ұшыраған», — деп жазады басылым.
Сонымен қатар, шағымданушылардың айтуынша, біліктілік талаптарына сай келмейтін адамдар басшылық лауазымдарға тағайындалып, қорлау мен намысқа тиетін әрекеттер жиі орын алған. Осы себепті ұжым ішіндегі моральдық-психологиялық ахуал айтарлықтай нашарлаған.
Шағымда Мақсат А.-ның бұған дейін Шымкентте жұмыс істегені де айтылған. Онда да қызметкерлерге қатысты арандатушылық әрекеттер жасағаны үшін ұжымда шиеленіскен жағдай туындап, ақыры өзара жанжалға ұласып, Максат А. жақ сүйегі мен мұрнын сындырып алғаны баяндалады. Оқиғаға қатысы бар барлық қызметкер жұмыстан қуылған.
Полиция қызметкерлері командирдің заңсыз әрекеттерін дәлелдейтін бейнематериалдар мен қаржылық құжаттар бар екенін айтып, қызметтік тергеу жүргізуді талап еткен. Олар қызметтерін жалғастыруға дайын екендерін, бірақ тек командирдің ауыстырылуын сұрайтындарын жеткізген.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл жағдайға байланысты қызметтік тексеріс басталғанын растады.
«Тексеріс барысында аталған мәліметтерге жан-жақты баға беріледі. Оның барысы департамент басшылығының бақылауында», – деп мәлімдеді ведомство.