Мәскеуде әскери парадқа қатысқан жауынгерлер елге оралды
Олар Қызыл алаңмен салтанатты шерумен өтті

Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 37-ші бригадасының 80 әскери қызметшісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі ұшағымен Талдықорған қаласына оралды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
9 мамыр күні қазақстандық десантшылар Қызыл алаңмен салтанатты шерумен өтіп, бүкіл адамзаттың бейбітшілігі мен азаттығы жолында күресіп, қаза тапқан жауынгерлер мен көзі тірі ардагерлерге тағзым етті.
Жеңіс парадына қатысқан аға лейтенант Ерзат Қосын өз әсерімен бөлісті:
«Мәскеудегі салтанатты шеруге қатысу – мен үшін зор мәртебе. Бұрынғы жылдары Қызыл алаңнан сарбаздар майданға аттанған. Ең ауыр соғыста олар рухының күші мен отансүйгіштігінің арқасында жеңіске жетті. Жеңіс үшін өмірін қиған жандардың рухына тағзым ету мүмкіндігі бұйырғанына мақтанамын», - деді ол.