Air Astana Үндістанға ұшатын әуе рейстерін тоқтатуға мәжбүр болды
Орындалмайтын рейстердің жолаушыларына билеттердің толық құны қайтарылады

Air Astana әуе компаниясы 8 мамырда Үндістанға және Үндістаннан ұшатын әуе рейстерін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Air Astana әуекомпаниясы 8 мамырдағы Алматы – Дели – Алматы бағыты бойынша KC 907/908 рейстерін және Алматы – Мумбай – Алматы бағыты бойынша KC 291/292 рейстерін тоқтатуға мәжбүр», - деп жазылған команияның хабарламасында.
Орындалмайтын рейстердің жолаушыларына билеттердің толық құны қайтарылады.
Қазіргі уақытта әуе компаниясы Қазақстан Республикасының азаматтарын және Air Astana әуе компаниясының басқа да жолаушыларын балама бағыттар арқылы Отанына қайтару үшін репатриациялық рейстер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр
«Біз жағдайдың дамуын мұқият қадағалап отырмыз және жолаушыларды кез келген өзгерістер туралы жедел хабардар ететін боламыз», - деп атап өтті компания.
Еске сала кетейік, Үндістан әскери күштерінің Пәкістан аумағына жасаған зымыран соққысынан кемінде 70 адам қаза тапты. Үндістан тарапы 9 нысанға 24 зымыран атқанын мәлімдеді. Нью-Делидің айтуынша, бұл — Пахалгам ауданында болған терактіге жауап ретінде басталған «Синдур» операциясының бір бөлігі. Қорғаныс министрлігі соққы тек террористік нысандарға бағытталғанын айтады.