Ұлттық ұлан сапында 6 тілді білетін сарбаз әскери борышын өтеп жүр
Ол қазақ, өзбек, түрік, корей, тәжік және орыс тілдерінде еркін сөйлейді

Түркістан қаласындағы Ұлттық ұлан сапында полиглот сарбаз әскери борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
24.kz мәліметінше Шымкент қаласынан шақырылған Шахбоз Сатыбалдиев 6 елдің тілін меңгерген. Тіл үйрену арқылы ол, сол халықтың мәдениеті мен болмысын терең түсінуге болатынын айтады. Қазір рухани шаһарда қоғамдық тәртіпті күзететін ол туристерге жол көрсетіп жүр.
Жас сарбаз Шахбоз Сатыбалдиев Ұлттық ұланының 5574 әскери бөліміне 5 ай бұрын шақырылған. Бойы ұзын, зерек жігіт ұлты тәжік болғанымен қазақтың тілі мен тарихын жетік меңгергенін айтады. Себебі кішкентайынан кілең қазақ балаларымен ойнап, сол ортада өскен. Мектеп бітірген соң медициналық колледжді бітіріп, тіл үйренуге зейін қойған. Қазір қазақ, өзбек, түрік, корей, тәжік және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.
«Мен әскери қызметтен соң оқуымды жалғастырып, заңгер болып, басқа тілдерді меңгергім келеді. Тілді дамытып, дипломатия жағынан басқа елдерде Қазақстанның құқықтарын қорғап, елдің дамуына өз көмегімді тигізуді қалаймын», - дейд ол.
Жауынгердің ерекше қабілеті мен жауапкершілігін әскери бөлімдегі қарулас достары да ерекше бағалайды. Себебі бұл бөлімнің сарбаздары туристер жүретін аумақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Шахбоз шетелдіктерге елдің заңы мен ережесін түсіндіріп жүретінін айтады.
Жас сарбаз әскер қатарында жүрсе де қабілетін одан әрі шыңдауға ден қойыпты. Қолы қалт еткенде әскери бөлімдегі кітапханаға бас сұғып, шет тілдеріндегі кітап оқып, тіл сындырады. Тіпті өзі сияқты сарбаздарға күнделікті қажетті сөздерді үйретеді. Ол үшін әскери бөлімде үйірме ашылған.
«Шахбоз деген сарбазымыз бүгінгі таңда ағылшын, француз тілдерін оқуда. Әрі өзі ғана оқып қоймай, осы әскери бөлімдегілерге үйретіп жатыр», - дейді№5574 әскери бөлімі командирінің орынбасары Спандияр Жолаев.
Шахбоз кез келген тілді меңгеру арқылы сол халықтың мәдениеті мен тарихын, тұрмысы мен болмысын түсінуге болатынын айтады. Сондықтан ол алдағы уақытта тағы бірнеше тілді үйренуді жоспарлап отыр.