Qazaq Air әуе компаниясының атауы өзгереді
Vietjet Air мен Qazaq Air стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды

Qazaq Air базасында жаңа Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның мәліметінше холдинг Qazaq Air әуе компаниясының акциялар пакетін стратегиялық инвесторлар консорциумына табыстау жөніндегі келісімді сәтті аяқтады. Консорциум құрамына Central Asia Aviation Holdings Limited (Aviation Holdings Group құрамына кіреді) және Kazasia Holdings Limited кірді. Акцияларды ресми табыстау рәсімі Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті.
«Сондай-ақ Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дөңгелек үстел барысында Vietjet Air мен Qazaq Air стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойып, Qazaq Air базасында жаңа Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы құрылды», - деп жазылған хабарламада.
Бұл ретте Sovico Group пен Vietjet Air өздерінің мол тәжірибесі мен құзыретін пайдалана отырып, Vietjet Qazaqstan компаниясының басқару және операциялық қызметіне қатысатын болады.
«Аймақтық маршруттық желіні кеңейту көлік байланысын нығайтып, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құруға мүмкіндік береді», — деді «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов.
Vietjet Qazaqstan кем дегенде 20 Boeing 737 ұшағынан тұратын әуе паркін басқарады.