Алматыда карантин талаптарын бұзған 74 нысан жабылды
Қала бойынша 2 353 нысан тексерілді

Алматыда карантин режимін сақтамаған 74 нысан жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпарат бойынша танымал гастробарлардың бірі сағат 23:00-ден кейін жұмыс істеген. Сонымен қатар келушілер карантин кезінде тыйым салынғанына қарамастан, кальян шегіп отырған.
«ӘҚБтК 441-бабы «Жекелеген қоғамдық орындарда темекі өнімдерін және электрондық сигареттерді тұтынуға тыйым салуды бұзу» бойынша хаттама толтырылды. Бұл кафе жабылды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ бірқатар азық-түлік дүкенінде, дәмхана, донер сататын орында, асханаларда және тағы басқа жерлерде тәртіп бұзушылықтар анықталды.
«Атап айтқанда, маска тақпау, қызметкерлерде қолғап, санитайзер, тері антисептиктері, дезинфекциялық құралдардың және термометрия жүргізу журналының болмауы, сондай-ақ, азық-түлікті дұрыс сақтамау сынды тәртіп бұзушылықтар болды», – дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Мониторинг тобы жұмыс басталғаннан бері қала бойынша барлығы 2 353 нысанды тексерді, оның ішінде 136 нысан Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысында көрсетілген талаптарды бұзған. Осыған байланысты 74 орынның қызметі тоқтатылды (оның 56-ы объект басшылығының шешімі бойынша) және анықталған өрескел тәртіп бұзушылықтары бар нысандарға 77 хаттама толтырылды.