ҰОС ардагерінің сүйегі 80 жылдан кейін Қазақстанға жеткізілді
Ол 1943 жылы Ресей Федерациясындағы Новгород облысының аумағында шайқаста қаза тапқан

Қазақстанға ҰОС сарбазының сүйегі жеткізілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Абай облысы бойынша ҚАЖД №19 мекемесінің қызметкерлері 1943 жылы Ресей Федерациясындағы Новгород облысының аумағында шайқаста қаза тапқан Зубаир ауылының тумасы, сарбаз Оразғали Белібаевтың сүйегін жерлеу рәсіміне қатысты.
Жауынгердің сүйектері Ұлы Отан соғысы кезінде Ресей Федерациясы Новгород облысының Старая Русса қаласының маңындағы қанды шайқас болған жерлерде іздеу жұмыстары кезінде табылған.
Іздеу отрядтарының күш жігері арқасында мұрағаттық мәліметтермен сарбаздың жеке басы анықталып, оның есімі қайтарылды.
Оразғали Белібаев осы ауылда 1908 жыл дүниеге келіп, Белағаш аудандық әскери комиссаратымен соғысқа шақыртылған. Отанды қорғап, фашизмге қарсы күресте батылдық пен батырлық танытып, ол 1943 жылы қайтыс болды.
Ол 2024 жылдың қазан айында Ресейдің «Медведь» іздеу бірлестігі сарбаздың қалдықтарын тапқанға дейін хабар-ошарсыз кетті деп саналды.
80 жылдан астам уақыттан кейін ол жақындарының жанында мәңгілік тыныштық табу үшін туған жеріне қайтарылды. Сарбаздың балалары болмаған. Туған ауылында ағасы мен әпкесінің балалары тұрады. Мекеме қызметкерлері сарбаздың сүйегі тапсырылған жерге гүл шоқтарын қойып, сарбаздың аруағына құрмет көрсетті.