$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Театрды қайта жандандыру үшін 160 адамды жұмыстан шығаруға мәжбүр болдым – Майра Мұхаммедқызы

Ол театрда тәртіп орнатқанын айтты

Театрды қайта жандандыру үшін 160 адамды жұмыстан шығаруға мәжбүр болдым – Майра Мұхаммедқызы
Фото: видеодан скриншот

Белгілі опера әншісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы алғашқы жұмысқа кіріскен кезеңде ұжым тарапынан қарсылық пен қысым көргенін ашық айтты. Бұл туралы ол «Алғашқы» бағдарламасында баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Майра Мұхамедқызы театрға алғаш барған кезде өзіне қарсы шыққан 40-қа жуық адамның болғанын айтып, сол сәттегі психологиялық қысымды еске алды:

«Театрға кіре бергенде 40 жігіт алдымнан шығып, «бізден соққы жемей тұрып, ақырындап кетіп қалыңыз. Жаңа адамның келгенін қаламаймыз» деді. Мен оларға «Мен сендерден қорықпаймын. Бұл өмірде талай қиындықты көрдім. Сіздердің жағдайларыңызды жасау үшін келдім» деп жауап бердім. Қазір сол жігіттердің бәрі – менің сенімді қызметкерлерім», – дейді ол.

Опера әншісінің айтуынша, ол келген кезде театрда заңсыздықтар мен бейберекет жұмыс істеу жағдайлары қалыптасқан.

«Театрға қатысы жоқ адамдар жұмыс істеп жүрді. Тәртіп те, заң да сақталмаған. Театр деп атауға келмейтін жағдайда болды. Жабылудың алдында тұрған мекеме еді», – деді Майра Мұхамедқызы.

Жағдайды оңалту үшін батыл қадамдар жасауға тура келген. Театрды қайта жандандыру мақсатында төрт жыл ішінде 160 адам жұмыстан шығарылған.

«Кадр бөліміндегі қызметкер тіпті «Майра ханым, жарты Шымкентті жұмыстан шығардыңыз ғой» деді. Алғашында маман жетіспей қала ма деп қорықтым. Бірақ бір есік жабылса, екіншісі ашылады дейді. Аз жалақыға қарамастан, әлемдік тәжірибені көргісі келетін мықты мамандар өздері келіп қосылды», – дейді театр директоры.

Серіктес жаңалықтары