Қарағанды облысында дала өртін сөндіруге тікұшақ тартылды
Құрғақ шөп пен орман алқаптары жоғары температураның салдарынан тұтанған

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Айнабұлақ ауылынан 20 шақырым жерде табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт Бақтин орман шаруашылығының ашық аумағында шыққан. Құрғақ шөп пен орман алқаптары жоғары температураның салдарынан тұтанған.
Тілсіз жауды ауыздықтау үшін оқиға орнына құтқарушылардың үлкен тобы жұмылдырылды.
«Өртті сөндіруге 157 адам, 26 техника, бір ұшқышсыз басқарылатын аппарат және су төгетін құрылғылармен жабдықталған «Қазавиақұтқару» қызметінің үш әуе көлігі тартылды. Сонымен қатар, жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар, Бахтин орман шаруашылығы, Қу орман шаруашылығы қызметкерлері мен қатысуда», – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда әуеден алты рет су төгу жүргізілді. Нәтижесінде өрт ошағы оқшауланып, елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Дегенмен өртті толық сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.