Ұлттық кітап күні: «Хабар» агенттігі оқушыларға жүз кітап тарту етті
Арнайы іріктелген бұл әдеби қор – жас буынның рухани дамуына серпін беретін, оқуға деген қызығушылығын арттыратын нағыз шабыт көзі

Қазақстанда алғаш рет аталып жатқан Ұлттық кітап күніне орай «Хабар» Агенттігі оқуға деген құштарлықты жаңғыртатын әлеуметтік акция өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Агенттік қызметкерлері Ақмола облысы, Талапкер ауылындағы «Жайлы мектеп» жобасымен салынған мектеп-лицейдің кітапханасына көркем әдебиет, мотивациялық бағыттағы шығармалар мен әлемдік классиктердің таңдаулы туындыларынан жинақталған 100 кітапты тарту етті. Арнайы іріктелген бұл әдеби қор – жас буынның рухани дамуына серпін беретін, оқуға деген қызығушылығын арттыратын нағыз шабыт көзі. Әр кітап – бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұра, даналық пен тәрбиенің қайнар көзі.
Жобаның басты мақсаты – ауылдық мектеп кітапханаларын қолдау, сондай-ақ жас ұрпақтың тұрақты оқырмандық мәдениетін қалыптастыру. Мектеп ұжымы бұл сыйлықты зор ықыласпен қабылдап, мұндай бастамалар балалардың әдебиетке бет бұруына мол септігін тигізетінін айтып отыр. Мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы Бақыт Шәкірова жаңадан ашылған мектептің кітап қоры енді ғана жасақталып жатқанын, «Хабар» Агенттігі сыйлаған құнды кітаптар оқушылардың мотивациясын арттырып, ақыл-ойын дамытуға, жалпы білімге деген құштарлығын арттыратынын атап өтті.
Сонымен қатар «Ұлттық кітап күні» апталығы аясында елорда төріндегі «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында Агенттік қызметкерлері кітап сыйлау акциясын ұйымдастырды. Қызметкерлер өздерінің ең таңдаулы кітаптарын – классикалық шығармалардан бастап қазіргі заман әдебиетіне дейін – көпшілікпен бөлісіп, кітапсүйер қауымға ерекше тарту жасады.
«Адамның қалыптасуында кітаптың маңызы зор. Сол себепті, осы іс-шараны мектепте өткіздік. Балалар арасында кітап оқуды насихаттап, үлгі көрсетуді жөн көрдік. Біз жұртшылыққа кітап оқуқұндылығын дәріптеп, білімнің культін қалыптастыруға көп көңіл бөлеміз. «Хабар»Агенттігі бұл идеяны эфирде де, әлеуметтік желілерде де, осындай іс-шаралар өткізу арқылы да насихаттап келеді. Кітап оқитын ұлт – болашақта интеллектуалды елдің негізін қалайды», - деп атап өтті «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.