Астанадағы «Koktem» мейрамханасынан уланған адамдардың саны отызға таяды - ресми мәлімет
Koktem мейрамханысы қазір уақытша жабылған

Жуырда Астанадағы «Koktem» мейрамханасынан біраз адам уланған еді. Осыған байланысты редакция денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдаған еді. Біздің сұрақтарға санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жаннат Пралиева жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«16 сәуірде «Koktem» қоғамдық тамақтану нысанында ішек инфекциясын жұқтырған жағдай тіркелді. Ауырған адамдар осы дәмханадан тамақ ішкен немесе тапсырыс берген. 2025 жылғы 21 сәуірдегі жағдай бойынша 29 ауру жағдайы тіркелді. Ішек инфекциясы тіркелген кезеңде 20 науқас ауруханаға түскен, оның ішінде 9-ы амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Науқастар дәрігердің тағайындауы бойынша емделеді», - дейді Пралиева.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Астана қаласы Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бұл жағдай бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
«Тергеу аяқталған соң адамдардың жаппай ауруына не себеп болғаны жөнінде қорытынды жасалады. Тергеу нәтижелері департаменттің сайтында жарияланады. Тергеу жүргізілген соң заң бұзушылыққа жол берген бақылау және қадағалау субъектісіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаралар қабылданады», - дейді ол.