$ 521.53  601.01  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық ағаш егілді

Президент «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы жайлы айтты

Қазақстанда соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық ағаш егілді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне қатысып, еріктілердің еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, волонтер болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат болу, яғни, патриот болу деген сөз. Сондай-ақ мемлекет басшысы экологияны жақсартуға кәсіпорындар мен кәсіпкерлер зор үлес қосып жатқанына тоқталды. Президент «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көшет егілгенін тілге тиек етті. Бұл ретте «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясының жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді.

«Осы шара шеңберінде бүкіл еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау – өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды.

«Мысалы, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді», – деді президент.

Серіктес жаңалықтары