СҚО-да оқушы қыз соғыс ардагерін құлатып кеткен: ол ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті
Оқиға 20 сәуірде Петропавлда жолдың бойында болды

Петропавлда 99 жастағы соғыс ардагерін жол бойында қағып кетті. Оны жүргізуші емес, зейнеткердің алдынан жүгіріп шыққан оқушы қыз құлатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 20 сәуірде Петропавлдағы Назарбаев пен Мүсірепов көшелерінің қиылысында болды. Ұлы Отан соғысының 99 жастағы ардагері бағдаршамның жасыл түсінен өтіп бара жатқан. Осы кезде зейнеткердің жанынан тоғыз жасар қыз бала жүгіріп шығып, соғып кетіп, құлатып түсірді. Ардагер сол соққыдан жарақат алып қалды. Куәгерлердің айтуынша, мектеп оқушысы бұрылып, қарт кісінің орнынан тұруына көмектеспеген.
Полицияға түсініктеме берген оқушы қыз байқамай қалғанын түсіндірді.
«Құлау салдарынан Василий Васильевич ауыр жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Полиция оқиғаның барлық қатысушысы мен куәгерін анықтады. Тергеу объективті құқықтық баға беру үшін болған жағдайдың барлығын зерттейді», - деп хабарлады СҚО полиция департаменті.