Тұрғымбаев біраз жасты полиция қатарына қосты
Министр дәл неше адамға полицияның қызметтік куәлігін бергені белгісіз

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жаңадан қызметке келген жас полицейлерге қызметтік куәліктерін табыс етті, деп хабарлайды органның баспасөз қызметі.
Тұрғымбае бұл салтанатты Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік рәміздер күніне сәйкес атап өтіп отыр. Ішкі істер министрі «бұл сәттің маңыздылығын айтып, әрбір азамат мемлекеттік Әнұранды, Елтаңба мен Туды құрметтеуге тиіс екенін» айтқан.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның алдына нақты міндеттер қойды. Ол – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және қиын жағдайларда азаматтарға көмек көрсету. Полиция жұмысына халықтың өзі баға береді. Сондықтан мен сіздерге өз істеріңіздің нағыз маманы болып, әрдайым халық мүддесін жоғары қойыңдар демекпін. Сіздердің барлықтарыңызға амандық және жұмыста табыс тілеймін!»,- деді министр Ерлан Тұрғымбаев.
Жас офицерлер арнайы мақсаттағы жасақта, патрульдік және ювеналдық полиция бөліністерінде жұмыс істемек. Жалпы жыл басынан бері ішкі істер органдарының 1724 қызметкеріне «полиция лейтенанты» арнайы атағы берілген.