Алматыда 5,5 мыңдай медицина қызметкеріне қосымша үстемақы төленетін болды
Мегаполисте коронавирусқа қарсы күрес шараларына жалпы 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген

Алматыда бес жарым мыңдай медицина қызметкеріне қосымша үстемақы төленетін болды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.
Коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған дәрігерлерге 5,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бектілген тізім бойынша сәуір айының өзінде медицина қызметкерлеріне тағы 1,5 миллиард теңге үстемақы қосылған. Вирусқа қарсы күреске жұмылдырылған медицина нысандарының тізімін Алматы әкімдігіндегі арнайы комиссия бекітті.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлауынша, жалпы Алматы қаласында коронавирус эпидемиясына қарсы күрес шараларына 9 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.
- Қауіп деңгейі аса жоғары 1-топқа – 472,1 млн теңге (880 адам);
- Қауіп деңгейі жоғары 2-топқа – 755,3 млн теңге (2293 адам);
- Қауіп деңгейі орташа 3-топқа – 289,8 млн теңге (2308 адам).
Оның ішінде:
- Стационарлық ұйымдар – 757,7 млн теңге (2279 адам);
- Жедел жәрдем қызметі – 626,7 млн теңге (2113 адам);
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары немесе емханалар (блок-бекеттер, фильтрлер, мобильді бригадалар, 4-санатты шақыртуларға барған мамандар) – 132,8 млн теңге (1089 адам).
«Қазіргі таңда қалада эпидемияға қарсы іс-шараларға 86 денсаулық сақтау нысаны жұмылдырылған.1 маусымдағы мәлімет бойынша, алматылық 5398 медицина қызметкерінің жалақысына қосымша ақы ретінде 1,5 миллиард теңге төленген», - деді МСҚ Алматы филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Естеріңізге сала кетсек, қосымша төлемдер денсаулық сақтау саласы қызметкерінің өміріне төндіретін қауіп деңгейіне қарай төленеді.
- Біріншісі – қауіп деңгейі аса жоғары топ. Оған инфекциялық стационарлар мен жансақтау бөлімдерінің дәрігерлері, аға және орта буын медицина қызметкерлері жатады.
- Екіншісі – қауіп деңгейі жоғары топ. Оған провизорлық стационарларда жұмыс істейтін мамандар, жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация қызметінің дәрігерлері мен фельдшерлері кіреді.
- Үшіншісі – қауіп деңгейі орташа топ. Оған карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері т.б. жатады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы