«Ондай арсыздар бетке айтқанды ғана ұғады»: танымал журналист кей адамдардың тойдағы қылығын сынға алды
Жұрт тойға балалардың ыңырсыған дауысын есту үшін бармайды, дейді ол

Танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы инстаграмдағы парақшасында тойға бала-шағасын, үрім-бұтағын қоса әкелетін адамдардың әрекетін сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осындай санасыз жақындарыңыз болса өті жарылып кетпек түгілі, талағы тарс айырылса да, бірден: « Ей, айналайын! Сен нарық заманында өмір сүріп жатырсың. Мен саған және күйеуіңе есептеп орын алдым. Беретінің көп болса, бала-шағаңның да орнына төлей сал! Адам басына пәленше теңгеден!», – деп бетіне айтыңыздар. Баланы да ертуге қарсымын. Жұрт тойға демалу үшін барады. Аңыраған, аяққа оралған балалардың ыңырсыған дауысын есту үшін емес. Не тост тыңдай алмайсың, не билей алмайсың. Дардай адамдардың стақан соғыстырғанын көру үшін апарасыңдар ма? Не тәрбие бұл?!», - деп жазды журналист.
Ол балам бір күн тойып тамақ жесін деген пиғылды өзгертуге шақырды.
«Ондай арсыздар бетке айтқанды ғана ұғады! Сондай арамтамақтардың тойына баршы, жоғалып отырады, әр нәрсесін есептеп. Өтірік деңдерші?! Осы жазбамнан өзіңізді көрсеңіз, дереу санаңызды өзгертіңіз!», - деп түйіндеді ол.