Атырауда бұзақылар тапа-тал түсте көлікке шабуыл жасады (ВИДЕО)
Жүргізуші көлігін тоқтатуға мәжбүр болған

Атыраудағы «Infinity Mall» сауда ойын-сауық орталығының алдында бұзақылар көлікті тоқтатуға тырысқан. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Atyrauoil телеграм каналына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, бұзақылардың бірі көліктің алдына тұрып алып, өміріне қауіп төндірген. Жүргізуші оны айналып өтпек болған сәтте, жас жігіт көлікті тепкен. Қалғандары жанында жүріп, оқиғаның өршуіне себеп болды.
Бейнежазбаға қарағанда, жүргізуші көлігін тоқтатуға мәжбүр болған. Дегенмен көлік тоқтай берген сәтте төрт бұзақы оқиға орнынан қашып кетеді. Сауда орталығының күзетшісі оларды қумақ болды, бірақ ешқайсысы ұстатпады.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты ресми органдар түсініктеме берген жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары құқық қорғау органдарын бұзақылардың жеке басын анықтап, тиісті шара қабылдауға шақыруда.